
11 маусым күні Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында EXPOGOODS CENTRAL ASIA алғашқы халықаралық Экспо-форумы өз жұмысын бастады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумға түрлі елдерден келген іскерлік қауымдастық өкілдері, дистрибьюторлар, өндірушілер мен сарапшылар қатысты.
Қатысушы елдер қатарында Иран, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Эстония, Латвия, Беларусь, Ресей және Қазақстан бар. Көрмеге қатысушылар ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға, экспорт-импорт келісімшарттарына қол жеткізуге және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүдделі.

«Көрмеге тоғыз елдің компаниялары қатысуда. Барлығы да болашақта тиімді серіктестік пен келісімдерге қол жеткізуге ниетті», – деді MayerExpo Asia компаниясының бас директоры және форумның ұйымдастырушысы Елена Миляева.
Форум аясында Astana International Trade Forum өткізіледі. Бұл – Орталық Азия мен Каспий өңірі елдерімен сауда және интеграцияны дамыту мәселелері қаралатын маңызды алаң. Форумда логистика, экспорттық саясат, сауданың цифрлық трансформациясы және халықаралық сауда алаңдарымен өзара іс-қимыл мәселелері қозғалады.
EXPOGOODS CENTRAL ASIA өңірлік нарыққа шығуға ұмтылатын өндірушілер мен жеткізушілер үшін жыл сайынғы маңызды іскерлік платформаға айналмақ.