«Шин-Лайн» «Бизнестегі мемлекеттік тіл» номинациясына ие болды

6 мамыр 2026

Алматы облысында тілдің қазіргі қоғамдағы рөліне арналған «Цифрлық дәуірдегі сөз құндылығы» атты облыстық іс-шара өтті.

Жиынға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері мен педагогтер қатысты. Қатысушылар мемлекеттік тіл саясатын дамыту және тіл мәртебесін түрлі салада арттыру мәселелерін талқылады.

Іс-шара аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мемлекеттік тілді дамытуға, насихаттауға және қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарды марапаттады.

«Бизнестегі мемлекеттік тіл» номинациясы бойынша «Шин-Лайн» компаниялар тобы марапатталды. Халықаралық компания ретінде бұл біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар зор жауапкершілік.

Бүгінде «Шин-Лайн» компаниялар тобы өз қызметінің барлық бағытында мемлекеттік тілді дамытуға және қолдану аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Бұл ішкі құжат айналымы мен корпоративтік коммуникацияларға ғана емес, серіктестермен және клиенттермен жұмысқа, жарнамалық өнімдерге, әлеуметтік жобаларға және компанияның цифрлық платформаларына да қатысты.

Алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырып, компанияда жұмыс істейтін шетелдік әріптестердің де қазақ тілінде қарапайым деңгейде сөйлесіп, оны күнделікті жұмыс барысында қолдануына жағдай жасауды жоспарлап отырмыз.

Біз мемлекеттік тілді дамыту — ел болашағына салынған инвестиция, ұлттық құндылықтарды нығайтудың және заманауи бәсекеге қабілетті іскерлік ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі деп санаймыз. «Шин-Лайн» компаниялар тобы алдағы уақытта да қазақ тілін насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдап, оның дамуына өз үлесін қоса береді.