ЕАЭО және Иран делегациялары «Шин-Лайн» өндірісіне жоғары баға берді

13 тамыз 2026

Делегация құрамында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Юрий Горлов, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі – Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегсян, Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрінің орынбасары Акбар Фатхи болды.

Біз қонақтарды «Шин-Лайн» өндірістік кешенімен, заманауи технологиялармен, автоматтандыру үдерістерімен және сапаны бақылау жүйесімен таныстырдық. Өндірістің әр кезеңінде өнімнің жоғары сапа стандарттарын қалай қамтамасыз ететінімізге ерекше назар аударылды.

Делегация өкілдері өндірістің деңгейін, кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктері мен «Шин-Лайн» өнімдерінің сапасын жоғары бағалады. Біз үшін отандық өндірістің ЕАЭО елдерінің өкілдері мен халықаралық серіктестер тарапынан жоғары бағаға ие болуы ерекше маңызды.

Бүгінде «Шин-Лайн» – Орталық Азиядағы балмұздақ және мұздатылған өнім өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. 30 жыл ішінде компания тәулігіне 350 тоннадан астам өнім өндіретін, 36 бренд аясында 160-тан астам өнім түрін шығаратын заманауи өндірістік кешен құрды. Өндіріске салынған инвестиция көлемі 64 млрд теңгені құрайды. Компания өнімдері Қытай, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан және Қырғызстанды қоса алғанда, 10 елге экспортталады.

Біз үшін мұндай сапарлар – Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің әлеуетін көрсетуге, тәжірибе алмасуға және отандық өнімнің жоғары сапа талаптарына сай келетінін әрі халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті екенін танытуға мүмкіндік.