Білімге салынған инвестиция: «Шин-Лайн» жас өнертапқыштарды қолдады

17 маусым 2026

«Шин-Лайн» Корпоративтік қайырымдылық қоры 2026 жылғы 26–28 маусым аралығында Түркияның Стамбул қаласында өтетін халықаралық Istanbul Premier Event 2026 турниріне қатысу үшін SIRIUS FTC #33422 робототехника командасына қолдау көрсету мақсатында 1 миллион теңге бөлді.

Дарынды жастарды қолдау, инженерлік ойлауды дамыту және STEM-білім беруді насихаттау қор қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қаржылай көмек команданың жол шығындарын өтеуге, жарыс алдында роботты жаңғырту мен баптауға, сондай-ақ қатысушыларға арналған ресми командалық форманы дайындауға мүмкіндік береді.

SIRIUS командасы Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы №206 мектеп-гимназиясының атынан қатысады және бағдарламалау, инженерия мен робототехникаға қызығушылық танытатын оқушыларды біріктіреді. Соңғы жылдары команда FIRST Tech Challenge өңірлік және Орталық Азия жарыстарында табысты өнер көрсетіп, Reach Award, Sustain Award және Control Award марапаттарының иегері атанды. Жоғары нәтижелердің арқасында жас инженерлер FIRST Premier Event беделді халықаралық турниріне қатысуға жолдама алды.

«Жастарды қолдау, инженерлік мәдениетті дамыту, ғылым мен білімді дәріптеу – біздің қор мен “Шин-Лайн” компаниялар тобы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. SIRIUS командасының мүшелері жоғары дайындық деңгейін, мақсаткерлікті және зор әлеуетті көрсетіп отыр. Олардың халықаралық турнирге қатысуына қолдау көрсету арқылы біз Қазақстанның технологиялық дамуына үлес қосатын болашақ мамандардың қалыптасуына инвестиция саламыз», – деді «Шин-Лайн» Корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Дамир Дигай.

Istanbul Premier Event 2026 турниріне қатысу оқушыларға халықаралық тәжірибе жинақтауға, әлемнің үздік командаларымен білім және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Қазақстанның атын робототехника саласындағы жетекші халықаралық алаңдардың бірінде лайықты танытуға мүмкіндік береді.