Алматыдағы K-Food кластерін дамытуға жаңа серпін
«Шин-Лайн» компаниясының өндірістік кешеніне Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чон Ги Хон мырза ресми сапармен келді. Кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік әлеуеті, даму перспективалары және Алматы қаласында K-Food кластерін құру жөніндегі ауқымды жоба таныстырылды.
Аталған жоба Оңтүстік Кореяның жетекші азық-түлік өндірушілерін тартуды, өндірісті жергіліктендіруді және заманауи технологияларды енгізуді көздейді. Жобаны іске асыру сапалы өнім түрлерін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Өндіріс орнына жасалған экскурсия барысында Елші кәсіпорынның технологиялық үдерістерімен танысып, оның бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы алаң ретіндегі әлеуетіне жоғары баға берді.
K-Food кластерінің құрылуы Алматы қаласының азық-түлік өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, бұл жоба қазақстандық және кореялық бизнес арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.