«Шин-Лайн», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Sungwon Machinery корейлік балмұздақ өндіру жобасын іске қосады

17 қыркүйек 2026

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Шин-Лайн» ЖШС және Оңтүстік Кореяның Sungwon Machinery Co., Ltd. компаниясы үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, заманауи өндірістік шешімдерді енгізуге және Қазақстанда корей форматындағы балмұздақ өндірісін іске қосуға ниетті.

Келісім аясында «Шин-Лайн» ЖШС базасында заманауи технологияларды тамақ өнеркәсібіне енгізу, дамыту және жергілікті жағдайға бейімдеу бойынша құзырет орталығы болатын «Шин-Лайн Инжиниринг» компаниясын құру жоспарлануда.

Оңтүстік Корея тарапы технологиялық және инженерлік сараптамамен қамтамасыз етеді. Өндірістік процестерде автоматтандырылған шешімдер, соның ішінде Dry Coater құрғақ глазурьлеу технологиясы, жоғары дәлдіктегі сорғы станциялары және Summer Crunch сериялы өндірістік кешендер қолданылмақ.

Жоба өндірістік жабдықтарды жаңартумен ғана шектелмейді. Ол сондай-ақ технология трансферін жүзеге асыруды және Қазақстанда өз инженерлік құзыретін қалыптастыруды көздейді. Бұл заманауи шешімдерді жергілікті өндіріске бейімдеп, қосылған құны жоғары жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаға ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдеседі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды ынталандыруға бағытталған қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат береді.

«Біз үшін бұл ынтымақтастық тек жаңа жабдық туралы емес. Біз заманауи өндірістік технологияларды енгізу және дамыту бағытында жұмыс істейтін «Шин-Лайн Инжиниринг» компаниясын құрып жатырмыз. Біздің міндетіміз — корейлік тәжірибені Қазақстанға әкелу, өз инженерлік құзыретімізді қалыптастыру және халықаралық жоғары стандарттарға сәйкес келетін жаңа өнімдер жасау. Біз мықты технологиялық серіктесті таңдадық және бұл ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді нәтиже беретініне сенімдіміз», — деді «Шин-Лайн» ЖШС президенті Андрей Шин.


Ынтымақтастық үш жылға есептелген. Жобаны іске асыру Қазақстанға озық шетелдік технологияларды тартуға, отандық инженерлік құзыреттерді дамытуға, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге және Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін одан әрі арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.