Shin-Line Group пен AFoCO жасыл экожүйелерді дамыту туралы меморандумға қол қойды

17 қыркүйек 2026

Shin-Line Group пен Орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымы (AFoCO) Алматы облысындағы экологиялық және орманды қалпына келтіру бастамаларын дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Сеулде қол қойылды.

Келісім AFoCO-ның ормандарды тұрақты басқару саласындағы халықаралық сараптамасы мен Shin-Line Group компаниясының экологиялық бастамаларын біріктіруді көздейді. Негізгі назар орман ресурстарын сақтау және қалпына келтіруге, жасыл экожүйелерді дамытуға, биоалуантүрлілікті қорғауға және өңірдің климаттық тұрақтылығын арттыруға аударылады.

Ынтымақтастық аясында бағалы және реликті ағаш түрлерін, оның ішінде гинкгоны өсіру және отырғызу жобаларын дамыту жоспарлануда. Тараптар сондай-ақ бірлескен табиғатты қорғау бағдарламаларын іске асыруды, ормандарды қалпына келтірудің заманауи технологияларын енгізуді, ғылыми-зерттеу және оқу алаңдарын құруды көздейді.

Shin-Line Group президенті Андрей Шин:

«Экология туралы бүгіннен бастап ойлау керек. Бизнесте тек өнім өндіру жеткіліксіз, бізден кейін не қалатынын түсіну маңызды. Shin-Line қазірдің өзінде жарты миллион гинкго және басқа да бағалы ағаш түрлерін отырғызды. Ал AFoCO-ның ормандарды қалпына келтіру саласында орасан зор халықаралық тәжірибесі бар. Біздің міндетіміз — әкімдікпен бірге осы ресурстарды біріктіріп, әлемнің үздік тәжірибелерін Алматы облысына әкелу және өңіріміздің табиғатына нақты пайда әкелетін жоба жасау. Мақсатымыз айқын, біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз».

Бес жылға жасалған меморандум Алматы облысында ауқымды табиғатты қорғау және ормандарды қалпына келтіру жобаларын әзірлеу мен іске асыруға негіз болады.

Экологиялық бастамаларды іске асыруға өңірдің мемлекеттік органдары мен бейінді ұйымдарын тарту жоспарлануда. Ынтымақтастық халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстанның жасыл экожүйелерін қалпына келтіру мен дамытуға заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.